Астанада республикалық «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтіп жатыр

Фото: Фото: Allur

АСТАНА.KAZINFORM - Астанада халықаралық ЕХРО көрме орталығында республикалық «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара бес күнге созылады, 15 ақпанға дейін жүреді. Кіру тегін.

Фото: Allur

Фестиваль жұмысшы мамандықтарды дамытуға және насихаттауға, болашақ мамандар, жұмыс берушілер және оқу орындарын бір арнаға тоғыстыратын платформа құруға бағытталған. Іс-шараның бағдарламасында әр түрлі салаларды қамтитын көшелер ұсынылған: тау-кен ісі мен металлургия, машина жасау мен көлік саласы, аграрлық сектор және су ресурстары, құрылыс, болашақ мамандықтар және құтқарушылар мен өрт сөндірушілер зонасы.

Фестиваль қонақтарын әр түрлі іс-шаралар күтуде: семинарлар, мұнай және энергетика өнеркәсібі бойынша хакатон, мамандықтар парады, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, стартаптар презентациясы, машина жасау бойынша шеберлік сағаттары, халықаралық аккредитациясы бар колледждердің концерттері мен тренингтері.

Фото: Allur

Іс-шараға қатысуға Qarmet, «Қазақстан темір жолы», Air Astana, Kazakhtelecom және басқа да ірі компаниялар шақырылған. Фестивальде жұмыс берушілер инженерлік-техникалық мамандықтарды даярлаудың заманауи технологияларын көрсетуге ерекше назар аударды. Мысалы, білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істейтін Allur автокөлік компаниясы Қостанай автокөлік көлігі колледжіне студенттерге жаңа жабдықтармен оқуға мүмкіндік бере отырып қолдау көрсетеді. Көрмеде оқытуға арналған станоктарды, сондай-ақ Chevrolet Onix моделінің құрылымын көрсететін бөлшектелген үлгісін көруге болады. Chevrolet-тен басқа, компания Қазақстанда Kia, JAC, Jetour, Hongqi және Skoda брендтерін шығарады және сатады.

«Заманауи экономика мамандарды даярлауда кешенді әрекет етуді талап етеді. Бұндай маңызды миссияны тек мемлекет қана атқармау керек. Бизнес саласы да жас мамандарға нағыз мүмкіндіктер жасай отырып, оқу процесіне білек сыбанып араласуы керек. Бұл дегеніміз тек қана колледждерге тәлімгер болып бару және практикалық білім беруге инвестиция құю ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктер беру», - деп атап өтті Allur қазақстандық автокөлік компаниясының R&D жобаларының жетекшісі Айгүл Ахметова.

Фото: Allur

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ҚР Президенті 2025 жылға жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының аясындағы маңызды бастама. Іс-шара кәсіби білім беруді дамытуға, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге және жастарға жаңа мүмкіндіктер жолын ашуға көмектеседі.