Астанада республикалық Ә. Марғұлан оқулары өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектепте Астана қаласының Білім басқармасы, «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен филолог, археолог, шоқантанушы, этногроф, тарихшы, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның мұраларын насихаттау мақсатында «Әлкей Марғұлан мұрасы - ұлттың рухани байлығы» атты республикалық Марғұлан оқулары өтеді. Бұл туралы әкімдік хабарлады.

Мәлімет бойынша, конфренция 4 бағытта өтеді:

1. Әдебиеттану. «Әлкей Марғұлан және қазақ әдебиеті».

2. Археология және тарих. «Әлкей Марғұлан және Отан тарихының зерттелуі».

3. «Шоқантанудың бүгіні мен болашағы».

4. Этнопедагогика. «Әлкей Марғұлан тағылымы - ұлттық тәрбие қайнар көзі».

Шараға Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ф.ғ.д. Мырзатай Жолдасбеков, Астана қаласы Тілдерді дамыту Басқармасының басшысы ф.ғ.к. Ербол Тілешов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология институтының қызметкері т.ғ.к. Серғазы Сәкенов, Тұран-Астана университетінің пофессоры, п.ғ.к. Мұхамедрахым Құрсабаев сынды ғалымдар қатысады. Сондай-ақ, республиканың басқа өңірлерінен оқушылар мен студенттер, оқытушылар, магистранттар қатысады.

«Конференцияның мақсаты - «Марғұлан оқуларын» өткізу арқылы ғалымның соңында қалған мол мұрасын насихаттау. Республиканың оқушылары мен ұстаздары арасында ұлттық құндылықтар мен ел тарихын терең меңгерту. Ұлттық мәдениет пен рухани білім беруде ғылымның сан саласын зерттеп, жете меңгерген, парасатты, білімді, ғұлама, ғалым өмірі мен шығармашылығы арқылы оқушыларға рухани нәр беру. Ғылымға бейімі бар, дарынды оқушылар мен студенттерді анықтап, ғылыми жұмыстарына бағыт беріп қолдау көрсету», - делінген хабарламада.