Форумға қатысуға барлық өңірлерден шамамен 2 мыңнан астам делегат келді. Олар өз ісінің үздік мамандары - дәрігерлер, әскерилер, өнеркәсіп жұмысшылары, ғалымдар, жас көшбасшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, талантты актерлер, мәдениет майталмандары.
Патриоттар форумы 2007 жылдан бері жылдың айтулы шаралары аясында еліміздің түрлі қалаларында өткізіледі.
Биылғы форум Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясына арналады.
Форум аясында «Жыл патриоты» атты жыл сайынғы байқаудың салтанатты қорытындысы шығарылады. Байқауда ерлік көрсеткен, сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегімен, нақты істерімен дәлелдей білген қазақстандықтар жеті аталым бойынша марапатталатын болады.