Режиссердің елеулі еңбегін атап өткен жауапты хатшы министрлік жанынан құрылған көркемдік кеңесте де Е.Тәпенов жемісті еңбек атқарады деп сенім білдірді. Басқосуға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ. Ахмедьяров пен министр кеңесшісі Ғ.Мелдешов қатысты. Е.Тәпенов өзінің қызмет жолында Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Дос - Бедел дос», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Күшік күйеу», Әкім Таразидің «Жақсы кісі», Дулат Исабековтың «Әпке», Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны», Маман Байсеркеұлының «Кене хан» шығармаларын сахнаға шығарды. Сондай-ақ Н.Гогольдің «Yйлену», А.Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир» және басқа да авторлардың туындыларын көрерменге ұсынды.
20:52, 12 Қараша 2015
Астанада режиссер Ерсайын Тәпенов марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновты қабылдаған ведомствоның жауапты хатшысы Қ. Уәлиев 70-ке толған өнер иесіне министрдің атынан Құрмет грамотасын, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалі мен арнайы сертификатын табыс етті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.