Астанада халықаралық робототехника чемпионатына 134 команда қатысып жатыр
АСТАНА. KAZINFOM — 2025 жылғы 13 мамырда Астана қаласында «Robotek Grand Tournament» халықаралық робототехника чемпионаты басталды.
Бұл дода Қазақстан мен әлемдегі ең ірі жасөспірімдерге арналған робототехника жарыстарының бірі ретінде танылып отыр.
Төрт жыл ішінде «Robotek Grand Tournament» ұлттық ІТ брендке айналып, оның барлық регламенті отандық зияткерлік меншікке негізделген.
Чемпионатқа еліміздің 17 өңіріндегі іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары жиналды. Биылғы жарысқа алғаш рет АҚШ делегациясы қатысып отыр. Сонымен қатар Болгария, Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдерден 25-тен астам шетелдік делегация келген.
Жалпы алғанда, жарысқа 134 команда құрамында 9 бен 17 жас аралығындағы 350-ден астам мектеп оқушысы (оның ішінде 40-қа жуық шетелдік қатысушы) қатысып, 270-тен астам робот жеті түрлі санат бойынша бақ сынап жатыр.
Чемпионат аясында әр санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен құрмет грамоталары табысталады. Сонымен қатар «Үздік ауылдық команда», «Үздік шетелдік команда», «Үздік инженерлік шешім» секілді арнайы номинациялар бойынша да марапаттар қарастырылған.
Жарыс қорытындысы бойынша екі жеңімпазға Қазақстан-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім гранты, сондай-ақ Алматы энергетика байланыс университетінің гранты ұсынылады.
Чемпионатты Астана қаласының әкімдігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырып отырған — еліміздегі STEM-білім мен робототехника саласындағы ең табысты компаниялардың бірі саналатын «Robotek» компаниясы.
Айта кетейік, 2023 жылғы қарашада Панамада өткен World Robot Olympiad халықаралық жарысында «Robotek» компаниясының екі бірдей командасы жеңіс тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатты.
Бұған дейін қазақстандық оқушылар әлемдегі ең ірі робототехника чемпионатында ел намысын қорғайтыны хабарланды.