Астанада робототехникадан чемпионат өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік сарайында елордалық оқушылар арасында робототехникадан чемпионат өтіп жатыр. Жарысқа қатысушылар 3 санат бойынша өзара бақ сынасады: «Сызық бойындағы жарыс», «Тапсырманы орындау» және «Робокүрес».

Шара ҚР ПрезидентініңҚазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, жастар мен балалардың инновацияларға және жоғары технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған. Оны қалалық білім басқармасы «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы мен «Білім инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігі .

Чемпионатта елорданың 31 мектебі мен лицейлерінен барлығы 82 команда тіркелді. Қалалық кезеңге 23 білім беру мекемесінен 46 команда жолдама алды. Жарысқа 10-19 жас аралығындағы балалар қатысады. Әрбір команда құрамына екі спортшы және бір робот кіреді.

Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Жанғозиннің айтуынша, чемпионат алғаш рет өткізіліп отыр.

«Чемпионат жыл сайын өткізілмек. Осы жарыс арқылы біз балалардың қызығушылығын анықтамақ болдық. Қатысуға өтінімдер көп түскендіктен бұл жарыс оларға қызық болады деп шештік. Алдағы уақытта жарыс жеңімпаздары республикалық деңгейде топ жарған болып есептеліп, халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғайтын болады», - деді ол.

Роботехникадан чемпионат - тартысты жарыс. Оның барысында жас дарындар түрлі тапсырмаларды мінсіз орындайтын роботтарды құрастырады.

Чемпионатқа қатысушы «Нұр Орда» лицейінің шәкірті Марғұлан Жанай өз еңбегінің үздік үштікке енетініне сенімді.

«Чемпионатты ұйымдастырушыларға ризамын. Бұл жарыс барлық балаларға пайдалы. Біріншіден, ол ойлауды, математика, физика және логиканы дамытады. Екіншіден, болашақта күрделі бағдарламаларды зерттеуге және ақыл-ой қабілетін дамытуға септігін тигізеді.

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапаттау салтанаты 19 ақпанда «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде өтеді.

Жарысқа қатысушылар сертификатпен марапатталады.