Астанада «Руханият тіректері» атты кітап көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы кітапханасында жақын арада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне арналған «Руханият тіректері» атты кітап көрмесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеде әлемдік діндердің қасиетті кітаптары, ғылыми монографиялары, өнер және сәулет тарихына арналған 200-ден астам еңбек қойылған. Мазмұны мен жанры жағынан әрқилы басылымдар діндердің пайда болуы және даму тарихымен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар, діни дәстүрлердің уақыт және кеңістік аясындағы сабақтастығын да көрсетеді. Ұсынылған ауқымды кітаптар жинағы «руханият тірегі» болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндер жөнінде толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.   
 

«Әрбір үш жыл сайын Астанамызда аса ықпалды дін өкілдерінің басын қосып, халықаралық деңгейде бірлескен шешімдерді қабылдауды талап ететін мәселелерді күн тәртібіне шығаратын бұл съезд - әлемде теңдесі жоқ бірегей форум. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тарихы бойынша ауқымды дереккөздер кешені Елбасы кітапханасында жинақталған. Елбасы кітапханасының жинағында рухани мәдениеттің шынайы раритеттерін қамтитын кітаптар топтамасы ерекше орын алады. Әлемдік және дәстүрлі діндер, философиялық ілімдер мен тәжірибелер тарихы әлемнің көптеген ғалымдарының қызығушылығын оятады. Құрандар коллекциясы - Елбасы кітапханасы музей жинағының мақтанышы. Бұл жинақтың ерекшелігі - көрмеге ұсынылатын кітаптар арасында кітапхананың сирек қорындағы XVIII-XIX ғасырларда шыққан түпнұсқалық басылымдар бар. Олардың басым бөлігі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекеттер өкілдерінен дипломатиялық сый ретінде ұсынылған», - дейді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжанов.
 

Көрмедегі әр кітап әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі болып табылатын дәстүрлі ислам мәдениетінің қайталанбас бейнелерін қамтитын зергерлік, көркемдік және каллиграфиялық шебер әдіспен өңделген.  

«Руханият тіректері» көрмесі 2019 жылғы 30 қаңтарға дейін жалғасады. Айта кетейік, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі Астанада 10-11 қазан күндері өтеді.