Тұрғын үй кешені Алматы ауданындағы Ш.Қалдаяқов пен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында салына бастаған. «Global Millennium» ЖШС құрылыс компаниясы тіреуіштерін қағып, шұңқырын қазған, сондай-ақ іргетасын құйып, 1-қабатын тұрғызған.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, құрылыс салушы келісімшарт талаптарын орындамаған және нысанның құрылысын өз бетінше бастаған. Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабы (тиісті жобалау-сметалық құжаттаманың болмауы), 319-бабы (жерге тиісті меншік құқығы болмастан өндірістік, тұрғын үй нысандарын заңсыз салу), 321-бабының 1-бөлігі (құрылысты техникалық және авторлық қадағалаусыз жүргізу), 463-бабының 1-бөлігі (іс-қимылдарды рұқсатсыз жүзеге асыру) бойынша ұйғарым бере отырып, жауапқа тартылған.
Бас мердігер «DBK-Engineering» ЖШС-ға қатысты аталған кодекстің 313-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама (осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген ғимараттардың, құрылыстардың, олардың бөліктерінің немесе жекелеген конструктивті элементтердің беріктігі мен орнықтылығын жоғалтуына әкеп соққан іс-әрекеттер) толтырылған.«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының талабын қолдады және құрылыс салушыны тұрғын үй кешенін бұзуға міндеттеді», - делінген әкімдік хабарламасында.