Астанада сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту жөніндегі бағдарлама таныстырылды

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Дүниежүзілік балалар күнінде елордалық Балдырғандар үйінің бас дәрігері Гүлнар Құлышева сал ауруы диагнозы қойылған балаларды оңалту жөніндегі кең көлемді жобаны таныстырды. Бұл туралы astana.kz сайтына «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Дені сау бала - ұлт болашағы» бағдарламасы аясында үш жасқа дейінгі балаларға кешенді күтім жасалады. Тірек-қимыл аппараттары зақымданған балаларды ерте жастан сауықтыру - оның психикалық, сондай-ақ физикалық тұрғыдан дер кезінде дамуына көмектеседі.

Жоба аясында еліміздің 10 аймағының 14 ЕФМ дәрігерін жаңа әдістемелермен оқыту ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жаңа технологиялар бойынша оңалтуды жүргізудің нормативтері бекітілді.

Бұдан басқа, «Қасиетті Жол» қайырымдылық қорының қолдауымен республикамыздың 6 аймағында балалар үйлеріне жалпы сомасы 7,5 млн. теңгені құрайтын жаңа оңалту қондырғысы сатып алынды. Бүгін Астанада Балдырғандар үйінде оңалту қондырғысының таныстырылымы өтті.

«Біздің дәрігерлер екі жылдан бері балалармен жұмыс істейді. Сапалы құрал-жабдық сатып алғалы әрі сырқат балаларды ерте жастан кешенді оқытудың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Орталықта сал ауруы диагнозы қойылған үш баланы мейірімді жандар асырап алды. Тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларды дер кезінде оңалтқан жағдайда олар қоғамның бір мүшесі ретінде өмір сүріп кете алады», - дейді «Нұр Отан» партиясының 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы Гүлнар Құлышева.

Оның айтуынша, «Дені сау бала - ұлт болашағы» жобасының арқасында 16 баланың 10-ы оң нәтижеге қол жеткізген. Атап айтқанда, аурудың клиникалық көріну ауыртпалықтары, оның ішінде бұлшық ет спастикасы мен гиперкинезасы төмендеп, балалардың сөйлеу қабілеті, дамуы мен психологиялық мінез-құлқы динамикасы артты.

Айта кетейік, сал ауруымен ауыратын 3 жасқа дейінгі балаларды оңалту бағдарламасы мамандандырылған Балалар үйлерінде алғаш рет енгізіліп отыр. Алдағы уақытта жоба республикамыздың 10 аймағында енгізілмек.

Жоба Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.