Астанада салынып жатқан 34 мектептің нешеуі қазақ тілде білім береді

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының білім басқармасы Kazinform сауалына берген жауабында елордада салынып жатқан 34 мектептің білім беру тілі туралы түсініктеме берді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

«Мектептер пайдалануға берілгеннен кейін оқыту тілі және бағыты анықталатын болады. Мектептердің қай тілде білім беретіні мектепті ашу қарсаңында мектептің қызмет көрсету аумағындағы тұрғындардың сұранысы мен мектеп әкімшілігінің жарғысымен бекітіледі», - деп жазылған жауапта.

Былтыр Астана мектептерінде бірінші сыныпқа 28 мыңнан астам бала қабылданса, биылғы оқу жылына бірінші сыныпқа болжаммен отыз мыңнан астам бала келеді деген болжам бар.

«Ата-аналардың көбі балаларын мемлекеттік тілде беруге сұранып жатады. Ата-аналарға қолайлы болу үшін білім басқармасы әр мектептің қызмет көрсету аумағы көрсетілген ақпаратты ресми сайтта жариялап отырады. Ата-аналар балаларын тұрғылықты мекен-жайына жақын орналасқан мектепке апара алады», - делінген ресми мәліметте.