Астанада салқындатқыш құрылғылармен жабдықталған автобустардың қатары артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Астанадағы қоғамдық көліктердің үштен бір бөлігі ғана ауаны салқындататын құрылғылармен жабдықталған, деп хабарлайды Елорда әкімдігінің медиа орталығы .

«Соңғы кездері салқындатқыштардың жоқтығынан жолаушылар тарапынан автобус салондары тым қапырық деген арыз-шағымдар жиіледі», - дейді «Астана LRT» жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі Бейбіт Есжанов.

«Бүгінгі таңда Астанадағы жолаушылар көлігінің 35% ғана салқындатқыш құрылғылармен жабдықталған. Алайда жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш ұлғаяды: 250 ескірген автобус ауыстырылады. Біз оларды Еуро 6 санаты бойынша барлық әлемдік стандарттарға сай келетін жаңаларына айырбастаймыз. Сәйкесінше, олар салқындатқыш жүйелерімен жабдықталатын болады», - деді Б.Есжанов.

Оның айтуынша, салқындатқышы бар қалалық автобустардың барлығында құрылғы жұмыс істеп тұр.  

«Барлық көліктер желіге шықпас бұрын тексеріледі, салқындатқыш құрылғысы істемейтін бірде-бір автобус жоқ. Күнде таңертең механик автобустарды қадағалайды», - деді Б.Есжанов.

Сондай-ақ, ол ауа температурасы +15 градусты көрсеткенде жолаушылар жүргізушіден салқындатқышты қосуды талап ете алатынын еске салды.

«Астана LRT» компаниясы дау, жанжалдар орын алған жағдайда 8 (7172) 574-777 телефондары бойынша хабарлау қажеттігін айтады. Операторлар арыз-шағымдарды бірден қабылдап, тікелей жүргізушілермен байланысқа шығады.

«Әрбір оқиғаны жіті тексереміз. Егер жүргізуші салқындатқышты өз бетімен сөндіріп, жолаушылардың өтінішіне құлақ аспаса онда қызметкерге тәртіптік жаза қолданылады» - деді Б.Есжанов.

Осыған дейін хабарланғандай, синоптиктердің болжамы бойынша маусым айының аяғында Астанада аптап ыстық болады. Осы күндері 39 градусқа дейін ыстық күтілуде.