Астанада Салық кодексін түсіндіру жұмысы өтуде
11:22, 21 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Елордада Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің қатысуымен қаңтардың 1-інен бастап қолданысқа енген Салық кодексін түсіндіруге бағытталған семинар өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Семинарға Астана қаласының және Қарағанды, Ақмола облыстарының салық органдары қызметкерлері мен бизнес өкілдері қатысуда.«Салық заңнамасындағы өзгерістер Елбасының 2008 жылғы Жолдауында аталған басымдықтардан туындайды және негізгі үш мақсаттық критерийлерге негізделеді. Олар - экономиканың шикізаттық емес секторына салықтық ауыртпалықты жеңілдету, әкімшілік кедергілерді азайту, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру», деді өз сөзінде вице-министр.Оның айтуынша, салықтық ауыртпалықты төмендету мақсатында кодексте 3 жыл ішінде корпоративті табыс салығының (КТС) ставкасын азайту қарастырылған. «2009 жылы 20 пайызға, 2010 жылы 17,5 пайызға, 2011 жылы 15 пайызға дейін төмендетіледі. Шағын және орта бизнес үшін КТС бойынша аванстық төлемдерді есептеу мен төлеу міндеттемесі жойылады. Сонымен бірге қосымша құн салығының ставкасы 12 пайыз деп белгіленді. Бұл әлемдегі қосымша құн салығының стандартты ставкасының ішіндегі ең төмендерінің бірі», - деп атап көрсетті Р.Дәленов.Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік салық, жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салық, жылжымалы, жылжымайтын мүлікке салынатын салық заман талабына сай қайта жүйеленді.