Астанада салынып жатқан құрылыста жұмысшы биіктіктен құлап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Алматы ауданында «Әулие ата» тұрғын үй кешенінде жаңадан салынып жатқан құрылыста жұмысшы биіктіктен құлап кеткен.

Оқиға 14 мамыр күні күндізгі сағат 11-лер шамасында орын алған. «ДаДа» ЖШС тас қалаушысы 1996 жылы туған азамат Е.Асан жұмыс жүргізу кезінде 4-ші қабаттағы биіктіктен құлап кеткен. Түрлі дене жарақаттарын алған ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ Есіл ауданы Қабанбай батыр көшесіндегі №1682 трансформаторлық шағын станциясында оқыс оқиға орын алды. Кеше сағат 14.54 шамасында монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында «Астана-РЭК» АҚ электр монтері 1988 жылы туған азамат А.Афанасьевті тоқ соққан. Денесін күйік шалған жұмысшы ауруханаға жатқызылған.