Осы кластердің аясындағы таңдаулы жобалардың қатарында таяу уақытта іске қосылатын «Evolution» үлгісіндегі тепловоздарды құрастыратын зауыт та бар. Жаңа зауыттың маңыздылығы жөнінде «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты «Локомотив» АҚ президенті Қадыл Таласбековтен алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Қадыл Секенұлы, Астанада салынып жатқан локомотив құрастыратын зауыт қашан ашылады? Осы заманауи жобаның инвесторлары кімдер?
- Тепловоз құрастыратын зауыт Астана қаласының арнайы экономикалық аймағының индустриялық паркі аумағында бой көтеруде. Зауыттың құрылысына арнап бөлінген жер телімінің жалпы аумағы - 35 гектардан асады. Зауыттың бас жобасында қажетті инфрақұрылымдарымен оның негізгі әрі қосалқы ғимараттарын және құрылымдарын салу қарастырылған. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып келеді. Зауытты алдағы шілде айының басында іске қосу жоспарлануда, ал 2009 жылдың соңына таман темір жолдарға алғашқы локомотив жіберіледі. Зауыттың толық жобалық қуаты жайлы айтатын болсақ, жылына 100 магистралдық тепловоздар шығарылатын болады. Тепловоздардың жобасын Қазақстанның темір жолдарына арналған ГОСТ-тар мен стандарттарға және техникалық талаптарға сәйкес «General Electric» компаниясы жасады. Салынып жатқан зауытттың базасында сондай-ақ, маневрлі тепловоздарды құрастыратын техниканы да меңгеру көзделіп отыр. Қазір жобаны «General Electric» компаниясымен бірлесіп пысықтап жатырмыз.
- Жаңа зауыт Қазақстанның темір жолдарындағы жылжымалы құрамға деген тапшылықты жоюға қаншалықты үлес қоса алады? Зауыттың өнімдері экспортқа бағдарланған ба?
- Қазіргі кезде елімізде тасымал көлемінің біртіндеп азаю үдерісі байқалуда, сондықтан да әзірге локомотивтердің бәлендей тапшылығы да жоқ. Дегенмен, біз «қыстың қамын жазда ойла», деген қағиданы қатаң басшылыққа алып осы бастан локомотив паркін жаңарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Біз, сондай-ақ экономикалық жағдай тұрақтана бастағасын тасымалдау көлемі бұрынғы қалпына қайтып келетініне, тіпті оның ұлғаятынына сенімдіміз. Сондықтан ертең кеш болмасы үшін локомотивтерге деген сұранысты толық қанағаттандыруға дайын болуымыз керек. Бұл ретте біз тек еліміздің ішіндегі сұраныстың орнын толтырып қана қоймай, сонымен қатар ТМД және таяу шет елдердің нарығына да шығуды көздеп отырмыз. Бүгінде көрші елдердің темір жол әкімшілерімен ықпалдастықты одан әрі тереңдету мәселесі пысықталып жатыр. Қазірдің өзінде тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардан жаңа локомотивтерді сатып алу және жалға алу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр, мұндай ұсыныстар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан да көптеп келуде. Осыларға көз жүгірте отырып, алдағы уақытта отандық локомотивтерге сұраныс мейлінше артатынын бағамдауға болады.
- Зауыт заманауи локомотивтерді құрастыратындықтан, оларға сервистік қызмет көрсететін деполардың жағдайы қалай? Бұлар заман талабына жауап бере ала ма?
- Өте орынды сұрақ. Бірақ дәл қазір зауытта құрастырылатын локомотивтерге қандай кәсіпорындар сервистік қызмет көрсететінін нақты болжап айту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуына баға беру қиындау. Сервистік қызмет көрсету бойынша қызметтер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бірақ қазірдің өзінде озық технологиялар бойынша құрастырылған локомотивтер үшін қызмет түрлерін ұсынушыларға ең қатал талаптар қойылып отыр. Бұл локомотивтерді жөндейтін және сервистік қызмет көрсететін қолданыстағы кәсіпорындарға құрылымдарын қайта жабдықтау жөнінде ойлануға, ал осындай қызметтерді жеткізушілерге ең жоғары талаптарға жауап беретін заманауи өнеркәсіптерді дамытуға түрткі болады.
- Дағдарыс жағдайында халықты еңбекпен қамту негізгі басымдықтардың бірі болып отыр. Зауыт іске қосылған кезде қанша жұмыс орны ашылады?
- Зауытта қызу еңбек басталған кезде оның штаттық құрамы 700-ге жуық маманды құрайтын болады. Олардың ішінде сандық бағдарламалық басқарудағы станоктардың операторлары, көп салалы станокшылар, механикалық құрастыру жұмыстарының ұсталары, дәнекерлеушілер, көпірлі крандарды басқарушылар және көптеген басқа да мамандар болады. Биыл 272 маманды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жұмысшыларды қабылдау және дайындау өндірісті іске қосу кестесіне байланысты жүзеге асырылады. Қазір зауытқа жұмысқа орналасқысы келетін азаматтардан түйіндемелер қабылданып жатыр. Осы уақытқа дейін әртүрлі сала мамандарынан 1300-ден астам түйіндеме мен анкеталар түсті. Құжаттарды тапсыру кезінде әрбір кандидатпен алдын ала сұхбат жүргізіледі. Ал кандидатуралар бойынша соңғы шешімді «Қазақстан темір жолы» компаниясы, «Локомотив» АҚ мен «Lokomotiv-leasing» ЖШС-ның өкілдерінен құралған аттестациялық комиссия қабылдайтын болады.
- «Локомотив» АҚ локомотив жинақтау зауытына ең жақсы атау қоюға байқау жариялағанын білеміз. Зауыттың атауына қатысты қандай да бір ортақ тоқтамға келдіңіздер ме?
- Иә, расымен де «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының тапсырмасын орындау мақсатында «Локомотив» АҚ тарапынан 2009 жылғы мамырдың 4-інде тепловоз құрастыру зауытының ең жақсы атауына байқау жарияланған болатын. Байқауға қатысамын деушілерге жаңа өндірістің тұжырымдамасына сәйкес келетіндей, зауытқа атау қоюға өз нұсқаларын жіберу ұсынылды. Қатысушылардың тарапынан 60-тан астам атаудың нұсқасы келіп түсті. Олардың ішінде «Қазақстан тепловоз зауыты», «Темір тұлпар» сияқты атаулар бар. Байқауға теміржолшылар, журналистер, оқытушылар, құрылысшылар, зейнеткерлер, министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері қатысты. Ал мамырдың 16-сынан бастап «Локомотив» АҚ-ның дербес сайтында ең үздік атауға дауыс беру жүрді. Өкінішке қарай, дәл қазір зауытқа мына атау таңдап алынды деп дөп басып айта алмаймын, өйткені, байқаудың нәтижесі әлі шығарылған жоқ. Нақты шешім жақында белгілі болады.
- Әңгімеңізге рахмет!
13:46, 18 Маусым 2009
Астанада салынып жатқан локомотив құрастыратын жаңа зауыт жылына 100 тепловоз шығаратын болады
АНА. Маусымның 18-і . ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазіргі таңда Астанада құрылыс индустриясы, машина жасау және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларында жоғары технологиялық әрі бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға бағдарланған заманауи ірі өндірістік кластер құру жөніндегі жоба жүзеге асырылып жатыр.