Астанада сарапшылар Қазақстанның әскери қауіпсіздігін талқылауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институты сарапшыларының қатысуымен «Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері және шешу жолдары» атты конференция өтуде.

Шара аясында ҚР әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі, оның әскери-стратегиялық аспектілері және осы саладағы ғылымның рөлі талқыға салынады. Сонымен қатар сарапшылар әскери кадрларды дайындау және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жайттары да сөз болмақ.

Конференцияға әскери ғылымның білікті сарапшылары, сондай-ақ жетекші қазақстандық сарапшылар қатысуда.

«Конференция кезінде біз елімізде қолданылып келе жатқан әскери қауіпсіздік жүйесін және оның негізгі өзегі - мемлекеттің әскери ұйымдастырылуын талқылайтын боламыз. Пленарлық сессиялар барысында бұрын әскери басшылық қызметте болған білікті мамандар, әскери ғалымдар,  отандық сарапшылар түрлі мәселелер бойынша баяндама жасайды. Ол әскери күшті даярлау және құру, әскери кадрдарды даярлау, әскери-теxникалық қамту, қорғаныс-өнеркәсіптік кешендердің салынуы мен жай-күйіне қатысты мәселелер», - ҚСЗИ-дің Алматы қаласындағы өкілдігінің ғылыми қызметкері Георгий Дубовцев.

Жиын қатысушыларының атап өткеніндей, әскери қауіпсіздік саласында енгізілген жаңа идеялар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге төтеп беруге оң әсер етеді.

«Әлемде біз көріп отырған күрделі үдерістер, әрине біздің тарапымыздан терең талдауды және біздің әскери қауіпсіздігімізді қалай күшейтеміз деген сауалға жауап табуымызды қажет етеді», - деп атап өтті ҚСЗИ директоры Ерлан Карин.