Астанада сарапшылар Мемлекеттік символдарды қолдану мәселесін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заң ғылымдарының кандидаты Ботагөз Омарова қандай жағдайларда ҚР Мемлекеттік символдарын қолданғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде мемлекеттік символдарды тиісті деңгейде қолданбауға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте мемлекеттік символдарды, гимн мәтінін тиісті деңгейде қолданбауға қатысты нормалар көрсетілген, сонымен қатар қажет кезде мемлекеттік символиканы қолданбауға да қатысты жауапкершілік көзделген», - деді Б. Омарова «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік символдары. 25 жыл: тарих пен қолдану тәжірибесі» атты ғылыми, практикалық конференцияда.

«Әрине, сіз балконға Қазақстан туын іле аласыз. Ресми және ресми емес қолдану деген бар. Ресми емес дегеніміз - Қазақстан азаматтарының өзінің патриоттық сезімдерін, Отанына деген махаббатын таныту кезінде мемлекеттік туды қолдану», - деп жауап қайырды ол тілшілердің мемлекеттік туды балконға ілуге қатысты қойған сауалына.

Ботагөз Омарованың сөзінше, символдарды ресми қолданудың ережелері бекітілгенімен, өкінішке орай, ресми емес жағдайларда мемлекеттік символдарды қай кездері қолдануға болмайтынын нақты көрсететін қағидалар жоқ.

«Нормалар мен заңдарды зерттеп шығып, мен мынадай ұйғарым жасадым, мемлекеттік ту басқа да ғимараттарға олардың иелерінің келісімімен орнатыла алады. Мемлекеттік символиканың суреттерін басқа материалдық объектілерде қолдануға болады. Оларды жейделерде, көйлектерде және өзге де киімдерде басып шығаруға құқылысыз. Сонымен қатар заңды және жеке тұлғалар көпшілік шараларда өздерінің патриоттық сезімдерін жеткізу үшін мемлекеттік символикаларды қолдана алады. Оған тікелей тыйым жоқ. Ұлттық стандарттардың талаптарын бұзып, мемлекеттік туды қолдануға, мемлекеттік символдарды қоғамдық бірлестіктермен өзге де ұйымдардың геральдикалық белгілеріне таңуға тыйым салынған. Мемлекеттік ту мазақ пен қорлаудың нысанына айналмауы тиіс. Ұлттық нышандарды қорлауға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қасақана мазақ ету, туды бүлдіру фактілеріне тіпті бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Негізінен бұндай қылықтар наразылық кезінде және бұзақылық жасау барысында орын алып жатады», - деп түсіндірді Б. Омарова.

Өз кезегінде, ІІМ оқыту орталығының жетекшісі, полиция полковнигі Мұрат Есмағамбетов ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабы - Мемлекеттік символдарды қорлау бойынша жауапкершілік қолданылатынын атап өтті. Оған бір мыңнан екі мың АЕК-ке дейін айыппұл, сонымен қатар 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.