Астанада сатып алушыларды алдаған автосалон директоры сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Автосалон директоры бір жыл бойы клиенттермен Қытайдан автокөліктерді сатып алу және жеткізу бойынша брондау шарттарын жасасқан.

Фото: Астана қаласы ПД

Ол сатып алушылардан алынған ақшалай қаражатты жеке мақсаттарына пайдаланған.

Автокөліктерді жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындап жатқандай көрініс жасау мақсатында жәбірленушілерге банктік аударымдар жасалғаны туралы жалған құжаттарды ұсынған.

Сотталушының әрекеттерінен 6 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 128 млн теңгеден аса материалдық залал келтірілген.

Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Астана қаласының прокуратурасы мәліметінше, материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қоюлар қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Алматыда 25 миллиард теңге тартқан қаржы пирамидасының басшысы сотталды.