Астанада сауда орнын қалай алуға болады
Астанада «Шағын бизнеске арналған мың орын» деген жоба бар. Дәл осы жобаның аясында қала бойынша сауда павильондарына арналған жер учаскелері жалға беріледі. «Мың орын» - ол жобаның шартты атауы. Қала аумағы кеңейген сайын ондай орындардың саны артып, бір мыңнан да асып кетуі әбден мүмкін. Осы уақытқа дейін 600-ден астам орын таратылды. Кәсіпкерлердің өздері де жерді таңдай алады. Өйткені саудасы жақсы жүретін орынды беруге ұсыныс жасауға мүмкіндік бар. Ал жерді жалға беру тәртібі екі жолмен жүргізіледі.
«Біз алдымен өз сайтымызда өтінімдерді қабылдауды бастағанымызды жариялаймыз. Құжат қабылдау мерзімі - 15 күн. Тәртіп бойынша конкурсқа кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Шағын немесе орта бизнес болуы шарт. Жеке кәсіпкер бола ма, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бола ма, ең бастысы, кәсіпкерлік субъект болуы тиіс. Қатысушылар барлық құжаттармен бірге 50 АЕК (120 250 теңге) көлемінде кепілдік жарнасын жасайды. Осының барлығын сканерлеп, порталға жүктеу керек. Біз барлық қатысушыларды екі топқа бөлеміз. Бір учаскеге таласатын үміткерлердің саны үш адамнан аспаса, олардың өтінімдерін комиссия қарайды. Ал 4 өтінімнен артық болса, аукцион өткізуге жіберіледі», - дейді «Astana Development» ЖШС заңгері Жанар Ғалиева.
Оның айтуынша, бір сауда орнына жалғыз үміткер тіркелсе, оған жер учаскесі автоматты түрде беріледі. Ал бірнеше үміткердің ішінде сол жерде бұрын сауда жасаған біреу болса, оның кандидатурасы басым болады. Комиссияның қарауынан, я болмаса, аукционнан өтпей қалғандарға кепілдік жарнасы қайтарылады. «Комиссияның жұмысына келер болсақ, оның құрамына бізден бір адам, мәслихат депутаттары, «Атамекен» палатасының өкілдері, аудандық әкімдіктердің адамдары, сондай-ақ, кәсіпкерлік басқармасынан бір адам кіреді. Олар ортақ шешімді шығарып, жеңімпазды анықтайды. Оның кепілдік жарнасы қалады. Ал басқалардың ақшасы қайтарылады. Бір аптадан кейін жеңімпаз атанған кәсіпкермен келісімшарт рәсімделеді», - деп атап көрсетті Ж.Ғалиева.
Сауда орындарын таратудың тағы бір жолы - аукцион. Бір учаскеге төрт адамнан артық үміткер тіркелсе, аукцион жарияланады. «Аукцион кезінде әрбір үміткердің кепілдік жарнасы бастапқы баға ретінде қарастырылады. Біз ағылшындардың тәртібі бойынша 5 проценттен қосып отырамыз. Сөйтіп, ең көп ақша берген үміткер жеңімпаз деп танылады. Екінші орында тұрған адам да тіркеуге алынады. Жеңімпаз сауда орнынан бас тартса, екінші адаммен келісімшарт жасалады. Алайда жеңімпазға 50 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнасы қайтарылмайды. Ол айыппұл ретінде өзімізде қалады. Ал аукционнан түскен ақша жалға алу құнына тарамайды. Аталған қаржы қосалқы жалға алу туралы келісімнің бір реттік ақысы болып кетеді. Келісімшарт бойынша жер учаскесінің бір шаршы метрі үшін жылына 20 мың теңге төлеу керек. Сосын кәсіпкер бір айдың ішінде павильонды тұрғызуы тиіс. Инженерлік желілерді де өз ақшасына тартады. Соңғы аукцион наурыз айында өтті. Қазір бір блокчейн негізінде аукцион өткізуге дайындалып жатырмыз. Шамамен, тамыз-қыркүйек айында іске қосамыз. Негізі, кәсіпкерлер тарапынан сұраныс көп», - дейді Ж.Ғалымова.
Айта кетейік, жақында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев сауданы дамыту жоспарлары жайында айтып берді.
«Қала тұрғындары үшін барлық қызметтер қолжетімді болуы қажет. Соның ішінде сауда орындары да ыңғайлы жерде орналасуы шарт. Сол себепті біз қазіргі базарларды қайта құру жұмысын бастап кеттік. Астана бойынша 25 базар бар. Биыл жетеуі қайта құрылады. Қалғанын екі жылдың ішінде аяқтаймыз. Бұдан бөлек, жаңа базарлар мен гипермаркеттердің құрылысы басталды. Сосын біз «шағын бизнеске арналған мың орын» деген жобаны қолға алдық. Аталған орындар барлық жерлерде орналасқан. Осы уақытқа дейін 600-ден астам орынды таратып бердік. Енді, аукционның келесі кезеңін бастаймыз. Оны блокчейннің негізінде өткіземіз. Сонда ашықтық болады», - деді Ә.Исекешев «World of Trade 2018» Халықаралық конвенттің ашылу рәсімінде. Ал Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров блокчейннің қалайша жұмыс істейтінін түсіндірді.
Фото: 24.kz