Астанада сауда үйін «миналаған» жалған лаңкес түрмеде жазасын 4 жыл 1 ай өтейді

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының № 2 Алматы аудандық сотының үкімімен лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабар берген М.Әлменов 4 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Бұл туралы Астананың аудандық қадағалау органының баспасөз қызметінен хабарлады.

2012 жылдың 27 қыркүйегінде сағат 14:35-те «102» нөміріне Астана қаласындағы Абай көшесінде орналасқан «Жаннұр» сауда үйінің артында күміс түсті, төртбұрышты бомба жатқаны туралы хабар келіп түсті.

Аталған нысанды тексеру кезінде жарылғыш зат табылған жоқ.

Астананың «Алматы» аудандық ІІБ-нің қызметкерлері осы күні телефон шалған адамды - 1989 жылғы М.Әлменовты ұстады.

Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабар беру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Астананың №2 Алматы аудандық сотының 04.02.2013 жылы шығарған үкімімен аталған қылмысты жасағаны үшін М.Әлменов 4 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сондай-ақ «Алматы» ауданы прокурорының берген талабының негізінде сот М.Әлменовтен мемлекетке келтірілген шығын 534 988 теңгені өндіріп алды.