Құжатты талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы айқындаған конституциялық реформаның жалғасы ретінде елорданың құқықтық мәртебесін жаңа деңгейде бекіту ерекше маңызға ие. Өйткені, Астана – бүгінгі таңда тек әкімшілік орталық қана емес, еліміздің саяси басқару, экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қоғамдық даму үдерістерінің негізгі шоғырланған орталығы.
– Елорданың қарқынды дамуы, халық санының тұрақты өсуі, оның ішінде урбанизация процестерінің күшеюі өз кезегінде құқықтық және басқарушылық тетіктерді одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді. Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, - деді вице-министр.
Атап айтқанда, астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және т.б. негізгі құзыреттер беріледі.
Мәслихат пен әкімдіктің құзыреттері жоғарыда аталған түзетулермен ғана шектелмейді, өзге де салалық заңдарда көзделген құзыреттері сақталады. Бұл ретте, қала маңы аймағының көлемі мен шекарасы және оны пайдалану тәртібі, қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсыныстары бойынша Үкімет белгілейді.
Сонымен қатар елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, арнаулы трассаларды және автомобиль жолдарын санитариялық тазарту, туризмді дамыту, сондай-ақ жер мәселелерін реттеу бойынша тиісті ұйымдардың құқықтық мәртебесі айқындалады.
– Астанада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылады. Астананың орманды саябақ аймағы – қала аумағы шегіндегі қорғау, сауықтыру және рекреациялық функцияларға арналған жерлері. Оның шекараларын белгілеу және өзгерту Астана әкімдігінің ұсынуы бойынша Үкімет жүзеге асырады, - деді Бауыржан Омарбеков.
Одан бөлек, аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу көзделеді. Сондай-ақ заң жобасында астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
– Осыған байланысты дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол желісіне, жарнама мен сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Аталған мәселелерді үйлестіру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарланып отыр. Кеңес сондай-ақ қаланың және оның маңындағы аймақта сәулет-қала құрылысы мен көркемдік келбеті бойынша жобаларды қарастыратын болады. Бұл бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыруға, елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Сонымен бірге, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.