Бүгін мұндай шара Ботаникалық бақта өтті. Алдағы уақытта осындай рейдтер елорданың саябақтары, гүлзарлары және басқа да қоғамдық орындарында тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.
Рейдке елорданың Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық Полиция департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында абаттандыру қағидаларын бұзу жағдайларының алдын алуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Ботаникалық бақ аумағында заңсыз сауда жасауға және балаларға арналған электр көліктерін рұқсатсыз жалға беруге жол бермеу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Өйткені рұқсат құжаттарынсыз көрсетілетін мұндай қызмет тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Мамандар ең алдымен тұрғындарға түсіндіру жүргізіп жатыр.
— Біз полиция қызметкерлерімен бірлесіп түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Азаматтарға өздерінен кейін қоқыс қалдыруға және Ботаникалық бақ аумағында пикник ұйымдастыруға болмайтынын түсіндіреміз. Ботаникалық бақ — ойын-сауық саябағы емес, мұнда сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Бұл жерге балалармен серуендеп, таза ауамен тыныстау үшін келеді. Егер заң бұзушылық қайталанса, полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салады, — деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауов.
Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанәбіл қоғамдық кеңістіктердегі бақылаудың құқықтық жағына тоқталды.
— Жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралар барысында Ботаникалық баққа іргелес аумақта абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ескерту жасау немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Сонымен қатар белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 300-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Бұл құқық бұзушылық үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деді Еркін Жанәбіл.
Айта кетейік, елорда аумағында абаттандыру қағидаларын бұзу жағдайларын анықтау және заңсыз сауданың жолын кесу мақсатындағы рейдтік іс-шаралар күн сайын өткізіліп келеді.
Бұған дейін Астанада құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуге қарсы рейдтер басталғаны белгілі болды.