Астанада саяжай, құрылыс нысандары мен пәтерлерді тексеру шаралары басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика аумағында 1 қыркүйектен бастап "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оған Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері, Елорда гарнизонының барлық бөлімшелері мен қызметтерінің жеке құрамдары қатысуда. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Астана қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғосман Жакин айтты.

Оның мәліметінше, шара барысында Астана қалалық әкімшілік полициясының учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар туралы ақпарат жинау үшін өздерінің қызмет ететін учаскесінде орналасқан үйлерді аралайды. Барлық тұрғындарға әкімшілік учаскеде қызмет ететін ІІО-ның кезекші бөлімдерінің байланыс телефондары және учаскелік полиция инспекторларының байланыс деректері мен визит карточкалары таратылады. "Шараның басты мақсаты - елордадағы жағдайды тұрақтандырып, барлық полиция бөлімдерінің әкімшілік учаскелерде орын алған қылмыстарды ізін суытпай ашу әрекеттерін жандандыру", - деп атап өтті Ғ. Жакин. Оның айтуынша, шара аясында учаскелердегі барлық тұрғын үйлер мен пәтерлер араланып, ІІО-да профилактикалық есепте тұрған азаматтар тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексеріледі. Жеке азаматтардың атыс қарулары сақтау ережелеріне сәйкес суретке түсіріліп, есепке алынады. Сондай-ақ, саяжайлар, құрылыс нысандары, сауда орындары, жалға берілетін пәтерлер мен ғимараттар тексеріліп, тізімдері келешекте тиісті шаралар қабылдау үшін салық органдарына жіберіледі. "Сонымен бірге полиция күштері елдегі тұру ережелерін бұзған шет ел азаматтарын, жасырын көші-қон ұйымдастырушыларды, сондай-ақ шетелдік жұмысшыларды жұмысқа тарту ережелерін бұзған жұмыс берушілерді анықтап, тиісті шаралар қабылдайтын болады", - Ғ. Жакин. Айта кетейік, іс-шара 1 қыркүйектен бастап 1 желтоқсан аралығында өтеді.