Мәселен, соңғы он жыл ішінде Астанада 2079 саяжай учаскесі мемлекет меншігіне өткен. Бұл аумақтарда бүгінде мектеп, саябақ, әкімшілік ғимарат және тұрғын үй кешендері салынған. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабында жазылған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл тағы 30 саяжай учаскесін сүріп, жерін мемлекет қажетіне алу жоспарланып отыр. Соның бірі — «Полянка» саяжай кооперативіне қарасты аумақ. Жеке аудан секілді қоршалған бұл саяжайда шамамен 7 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 17 көше бар, соның 5 көшесіндегі үйлерді бұзу басталып кеткен.
Қазір Финиковая көшесінде жалғыз жер үй қалған. Бұл саяжайда Динара Шайлазимова 16 жылдан бері тұрады екен. Айтуынша, 2010 жылдары ол да жанына сая іздеп осы аумаққа қоныстанған. Кейін жер теліміне жаңа үй салып, жыл сайын бау-бақша өсіріп, жеміс-жидек еккен. Қазір көршілерінің барлығы үйлерін бұзып, жер телімдерін ірі құрылыс компаниясына сатқан. Кейіпкеріміз де мамыр айының соңына қарай өз үйін бұзады. Себебі бұл көшенің бойына жаңа тұрғын үй салынады.
— Мен бұл саяжайды 2008 жылы сатып алдым. Жер теліміне жаңа үй салып, 2010 жылы кірдім. Өткен жылдың қараша айында бізге ірі құрылыс компаниясының өкілдері келіп, бұл аумақтағы саяжайлар қиратылып, орнына тұрғын үй кешені салынатынын хабарлады. Әрбір үй нарықтағы орташа бағамен бағаланды. Менің үйімнің барлық құжаттары заңды түрде толық рәсімделгендіктен, 37 миллион теңгеге сатылды. Көршілерімнің үйлері де жақсы бағада өтті. Тұрғындарға мамыр айына дейін көшуге уақыт берілді.
Біздің орналасқан жеріміз өте қолайлы, маңымызда үлкен саябақ бар. Сондықтан бұл аумаққа құрылыс компанияларының қызығушылығы жоғары болды, - деді Динара Шайлазимова.
Алаяқтықтан басталған жер дауы
Мұндағы жұрттың бірі қиратылатын ескі үйден құтылуға асықса, енді бірі өз баспанасын заң жүзінде рәсімдей алмай әлек. Неге дейсіз ғой? Даудың түп-төркіні — алаяқтықта жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, «Полянка» саяжай кооперативінің бұрынғы төрайымы 2000 жылдары иесі бар жер телімдерін алаяқтық жолмен үй іздеп келген адамдарға сатып жіберген. Ал елорда маңынан саяжайдай болсын да баспана алғанына қуанған жұрт қолдарына берілген бау-бақша құжатына сеніп қалған. Жылдар өткен соң саяжайды бұзу не сату кезінде жердің басқа иесі бар екені анықталған. Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдайға бірнеше отбасы тап болған.
— Бұзу жұмыстары басталған кезде мен құжаттарымды бір қарап шығайын дедім. Бау-бақша кітапшасы жеткіліксіз ғой. Сосын ХҚО-ға бірнеше рет барып құжаттарды тексерсем, жер басқа адамға тіркелген екен. Бұрынғы төрайым маған жерді заңсыз түрде сатып жіберіпті. Осыдан кейін жердің нақты иесін бір жыл бойы іздедім. Тапқан кезде олар саяжайды сатуға келіспеді. Себебі бұзу жұмыстарын күтіп отырғанын айтты. 16 жыл ішінде бір келмеді, «жердің қайда орналасқанын білмедім» дейді. Мен өзім салған үйде 16 жылдан бері тұрып келе жатқанымды көршілерден растау хаттар жинап, ақыры дәлелдедім. Осылайша жерді қайтадан сатып алуға тура келді. Бұл жағдай тек менде ғана емес, көршілерімнің көпшілігінде болды. Бірі жер иесін тауып келіссе, енді бірі әлі күнге дейін ортақ шешімге келе алмай жүр, - деді тұрғын.
Саяжай сергелдеңі мұнымен бітер емес. Алаяқ басшылар тіпті иесі бар бір жерді екіге бөліп, екі адамға сатқан. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше ай бұрын дәл осындай дау көпбалалы ананың басынан өткен. Уақытша баспанада тұрып жатқан отбасы әп-сәтте үйінен шығарылған. Себебі, саяжай бұзылады деген хабар тарағаннан кейін, жер иесі өз мүлкін сатуға көшкен. Ал көпбалалы ананың қолында бау-бақша теліміне қатысты құжат болғанымен, жердің заңды иесі басқа. Тұрғындар бұл мәселені адамгершілік тұрғысынан шешуді сұрап, ұжым болып араша түскен екен.
— Саяжай бұзылатын кезде бәріне жер керек болады да, бәрі сатуға асығады. Ал кішкентай үйде тұрып жатқан отбасылар қайда барарын білмей, панасыз қалады. Жер иелері көбіне өздеріне тиесілі өтемақыны ешкіммен бөліскісі келмейді. Көпбалалы ананың жағдайында қалай шырылдап, уайымдағанымызды көрсеңіз ғой. Инвесторға жағдайды түсіндіріп, оған пәтер алуға көмектесуін сұрадық. Мұндай мәселелер Полянка аумағында 30 жыл ішінде бірнеше рет қайталанды. Бір учаскеде үш үйден бар, бірақ құжат біреу ғана болатын жағдай да болады. Ал кейбір саяжайлардың жері жалға берілген болып шығады, - деді «Полянка» саяжай кооперативінің төрайымы.
Инвесторлар мен тұрғындар тартысы
Саяжайлар орналасқан бұл аумаққа болашақ Астананың жоспары әлдеқашан бекітіліп қойған. Мәселен, Финиковая, Сливовая, Абрикосовая, Ипподромная және Яблоновая көшесінде алдағы уақытта тұрғын үйлер салынады. Бұл аумақтағы саяжайларды ірі құрылыс компаниясы сатып алған. Ал өзге көшелердегі учаскелерге түрлі нысан салу жоспарланған. Тиісінше, әр аумақты жобаны жүзеге асыратын инвесторлар сатып алады.
— Мемлекеттік нысандар салынатын жерлер төмен бағаланып қала ма деп алаңдаймыз. Көпшіліктің құжаттары да толық дұрыс емес. Көршілерімнің жағдайына қатты алаңдаймын. Қаланың шырайлы бөлігінде орналасқан бұл саяжайлар әділ әрі дұрыс бағаланса екен дейміз. Бұл жерді әр отбасы еріккеннен емес, амалдың жоқтығынан паналап келген. Барлығының қаржысы жетсе, әлдеқашан жеке үй сатып алар еді. Біз тек шағын болса да өз баспанамыз болсын деп, осы жерден жер алғанбыз. Ал ол жерлердің алаяқтық жолмен сатылғанын 2000-жылдары кім білсін? - деді ол.
Елорданың болашақ жоспарында бұл жерлердегі кейбір үйлердің орнына жол салынған. Мысалы, Финиковая көшесіндегі №227 үй орналасқан аумақ жолдың бойына түсіп тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде екі қария тұрады. Сол себепті көршілері олардың тағдырына алаңдап отыр.
— Бұл үйде мүгедектігі бар әйел мен инсульт алған жолдасы тұрады. Олардың мәселесі де басқалармен бірдей, кезінде саяжайды сатып алғанда алданып қалған. Инвесторлар бұл жер жол болады, алмаймыз дейді. Себебі Бейбарыс Сұлтан көшесіне осы жерден бұрылыс салынады. Біз осы аумақта салынатын тұрғын үйден бір пәтер берілсе екен деп тілейміз. Үйдің табаны түспейді деп, мұндай отбасыларды бөліп қарау дұрыс емес. Егер жас адамдар болса бір жөн, ал бұл кісілер — жасы келген қарттар. Мұндай жағдайда адамгершілік жағы да ескерілуі керек деп ойлаймыз, - деді Динара Шайлазимова.
Жоғарыда жазғандай Финиковая көшесіндегі үйлер толық сүріледі. Осыған байланысты құрылыс компаниясы бұл аумақта суды өшіріп тастаған. Ал №227 үйде тұратын қарттар қазір ауызсусыз отыр. Әрең жүретін жандар енді су тасып күн көруге мәжбүр. Көршілерді «жер иесі үйді бұзып тастауға құжат дайындаса, бұл адамдардың тағдыры не болады?» деген сауал алаңдатып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейді.
«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Саяжайда бір отбасы панасыз қалудан қорықса, енді бірі баспанасын 150 миллион теңгеге бағалап отыр. Құжат бойынша бау-бақшаға арналған жер болғанымен, кейбірі үйінің алдында кәсіп ашып алған. Динара Шайлазимованың айтуынша, кәсіпке қатысты заңды құжат болмағандықтан, әлгі тұрғын өзге адамдардың да көшуіне кедергі келтіріп отыр.
— Кейбір адамдар ұсынылған бағаға келіспей, шамадан тыс өтемақы сұрап жатады. Мысалы, бір азамат саяжайына 150 миллион теңге талап етті. Мұндай бағаға үйлер көбіне қаланың дәл орталығында ғана сатылып жатады. Ал ол кісі «менде екі үй, одан қалса үйімнің жанында техникалық қызмет көрсету стансасы, яғни бизнес нысаны бар» дейді. Бір инвестор сол жерді 50 миллион теңгеге сатып алуға ұсыныс жасағанымен, үй иесі келіспеді. Соның салдарынан бүкіл көшедегі үйлерді бұзу жұмысы тоқтап тұр. Заңдық тұрғыдан қарағанда да ол кісінің талабы толық негізді емес деп ойлаймын, - деді ол.
Динара Шайлазимованың айтуынша, кооперативке қарасты қалған 12 көшедегі үйлер кезең-кезеңімен толық бұзылады. Алдағы жылдары бұл аумаққа заманауи тұрғын үйлер мен ғимараттар салу жоспарланған. Алайда тұрғындарды баспаналарының әділ бағалануы алаңдатады. Өйткені осы бес көшенің өзінде көптеген дау туындаған. Сондықтан қалған 12 көшенің тұрғындары көшіру жұмыстары заң мен адамгершілік аясында, тыныш өткенін қалайды.
Саяжай аумағы қоқыс алаңына айнала бастаған
Бұзылған үйлердің орындарына кейбір тұрғындар қоқыс төге бастаған. Айтуларынша, жүк көлігінің жүргізушілері тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға ақылы түрде шығаруға ақша қимай, қоқысты осы аумаққа төгіп кетеді екен. Көшуге дайындалып отырғанына қарамастан, Динара Шайлазимова мұндай әрекеттерге байланысты бірнеше рет шағым түсірген. Саяжайдағы құқықбұзушылықтарға қатысты Kazinform агенттігі де Астана қаласы полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
— Елорда аумағында, оның ішінде саяжай алқаптарын тұрақты түрде аралау мен патрульдеу жүзеге асырылады. Саяжай алқаптарында, негізінен ұрлық қылмысы мен отбасында алкогольдік өнімдерді тұтыну деректері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар орын алып жатқандығын хабарлаймын, - деп мәлімдейді департамент.