Астанада сайлау күні мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватакси ұйымдастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жас мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Әбдімомынов дауыс беру үшін қаланың №74 мектеп-гимназиясында орналасқан №331 сайлау учаскесіне инватакси арқылы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Бүгінгі сайлаудан кейін еліміздің жағдайы одан әрі жақсарады және іске асқан көптеген бағдарламалар сәтті аяқталады деп сенемін. Сонымен қатар «Қазақ зағиптар қоғамы» қауымдастығының қала басшылығы мен инватакси қызметінің қолдауының арқасында қала шетінен келуге және сайлауға қатысуға мүмкіндік жасағанына ризшылығымды білдіремін. Бұл қызметті қалада мүгедектігі бар 29 000-нан астам адам алады. Мұның бәрін қала басшылығының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырды. Біз сияқты жандардың қоғамның барлық мүшесімен бірдей негізде қалаған жеріне баруына мүмкіндігі бар екеніне қуанамын», - дейді Мұрат Әбдімомынов.

Елордада азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық сайлау учаскелерінде тактильді бағдарлаушылар, шақыру түймесі, бірқатар сайлау учаскелерінде лифт орнатылды.

2 074 жеке көмекші, 233 ымдау тілі маманы және 22 инватакси жұмылдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстанда ел президентінің кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.

Алғашқы сайлау учаскелері таңғы 06:00-де ашылды.


Фото: gov.kz