22-24 қаңтар аралығында №76 мектеп-лицейде «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының қатысуымен қалалық мектеп оқытушыларына арналған «Қазіргі заманғы мектептегі робототехника» атты семинар өтті. Семинарға елордалық мектептерден 37 педагог қатысты.
Семинардың мақсаты - оқытушылар мен оқушыларды робототехника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат пен бастапқы инженерлік біліммен алмасуға тарту, жаңа ғылыми-техникалық идеяларды дамыту.
Семинарға қатысушылар роботоплатформаның құрамдас бөліктерін басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламалаудың және бағдарламалар жазудың негізгі түсініктерімен танысты. Робототехникалық конструктордың негізінде 3D-модельдеуді де үйренді, 3D-құрастыру мен 3D-баспаның негізгі түсініктері тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Семинар соңында қатысушылар пультпен басқарылатын жолдағы кедергілерді көріп, автоматты түрде жарықты қосатын қарапайым «Тазалаушы» роботты құрастырды, деп жазады astana.kz.