Астанада Ш. Шахайдың жеке фотокөрмесі ашылды

АНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында фототілші, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шүкір Шахайдың жеке жұмыстарының көрмесі ашылды.

Экспозиция жас, тәуелсіз қазақ мемлекетінің жылнамасы іспеттес. Себебі суретші 1990 жылдан бастап бүгінгі уақытқа дейін Қазақстанда орын алған маңызы зор тарихи оқиғаларды баяндайтын ең таңдаулы жұмыстарды қойған. Ал көрменің ең негізгі тұлғасы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фототілшінің айтуынша, мұнда әр жылдары түсірілген 120-дан астам фото ілінген. Сонымен қатар Қазақстан үшін елеулі халықаралық оқиға болып табылатын ЕҚЫҰ-ға мүше Мемлекет басшыларының Саммитінен де фотосуреттер ұсынылып отыр.

«Көрмеге менің 90-жылдары алғаш басылымдардан басталып, бүгінгі кәсіби шығармашылығымның кемелденген шағына дейінгі еңбектерім қойылып отыр. Бұл - Ел Тәуелсіздігінің жүріп өткен жолын суреттейтін жылнамалық көрме сияқты. Сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығының құзар шыңы атанған Астана Саммитінен де бір үзік туындыларым бар. Шараның басталар кезіндегі қарбалас сәттердің барлығын түсіріп, сақтап қалдым. Әсіресе маған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің Саммит басталуын жариялайын деп сағатына қарап тұрған фотосуреті қатты ұнайды. Бұл көрмені мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арнаймын», - дейді Ш. Шахай.

Ш. Шахай еңбек жолын Мақтаарал аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде фототілші болып бастаған. Кейін әр жылдары «Қазақстан пионері», «Халық кеңесі», 1990-1996 жылдары «Егемен Қазақстан» «Жас Алаш», «Түркістан» газеттерінде істеді.

Ш. Шахай 2002 жылдан бері ҚР Премьер-Министрінің жеке фототілшісі қызметін атқарып жүр.