Жарыстың жүлде қоры – 350 мың еуро. Астанаға әлемнің ең үздік шахматшысы Магнус Карлсеннің келуі жарыстың мәртебесін арттыра түскені анық.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, 39 команданың 20-ы — қазақстандықтар. Осылайша, жергілікті шахматшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріліп отыр.
«Командалық әлем чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылады. Қазақстанда тұңғыш рет өткелі отыр. Біріншілікке тек командалар қатысатындықтан, құрамы әр елдің спортшыларынан жасақталуы мүмкін. Бір командада 6 негізгі ойыншы, қосалқы құрамда 3 шахматшы тіркелген»,- деді ол.
Айта кетейік, ел намысын қорғайтын ұжымдардың ішінде Kazсhess командасының бәсі биік. Олар рейтингте 4 орында тұр. Яғни, жүлдеге таласуға мүмкіндігі зор. Себебі, команда сапында блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Дәрмен Сәдуақасов сияқты мықтылар бар.