Астанада «Шаттық» балалар шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күніне арналған жыл сайынғы «Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде 600 бала бағын сынайды, соның ішінде 100 астамы - Астанадан.

Астаналық саябақта өтіп жатқан шара барысында Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Армения, Болгария, Германия, Грузия, Италия, Қытай, Ресей, Түркия және т.б. мемлекеттерден келген жас дарындар бас қосады. Қатысушылар вокалдық, хореографиялық, инструменталды, ерекше жанрларда және «Сән театры» номинациясында шеберлік байқасады, деп хабарлайды astana.kz.

- Фестиваль аясында әрбір команда қазылар алқасының назарына 30 минуттық бағдарлама ұсынады, жеңімпаздар алты аталым бойынша анықталады. Фестивальді жыл сайын өткізу дәстүрге айналған, оған жыл сайын жүздеген бала қатысады, - дейді жобаның авторы және ұйымдастырушы Қарлығаш Әбдікәрімова.

Жас әртістердің өнерін өнер әлемінің белгілі қайраткерлері - композиторлар, әншілер, хореографтар бағалайтын болады. Әділ қазылар алқасының төрағасы - КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова.

«Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі осы жылдары еліміздің мәдени өмірінде өз орнын таба алды. «Шаттық» лауреаты атағы жас дарындардың шығармашылықтағы жолын ашады.