Астанада шатырлы дала қалашығы бой көтереді

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Елорданың туған күніне орай көшпелілер өркениеті фестивалінде көрермендер назарына алғаш рет «Көшпелі-жылқы өркениеті» ландшафты көрінісі ұсынылады.

Бұл туралы ұйымдастыру штабынан мәлім етті.

Мәдени шара барысында Қазақстандағы жылқы шаруашылығының дамуынан мәлімет беретін мұражайлардан алынған үзеңгі, тебінгі және т.б. ат-әбзелдері ұсынылады. Экспозиция сәндік қорған ретінде жасалып, оның қабырғаларына қазақ тұрмысы мен өміріндегі жылқы шаруашылығына қатысты фотосуреттер қойылады.

Сондай-ақ фестиваль барысында «Тас адамының жымиюы» балбал тастар аллеясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әрбір балбал тас - Ұлы даланың жәдігерлері табылған әр аймақтардан алынған түпнұсқаның дәлме-дәл көшірмесі. Әр тасқа қатысты аңыз-әпсана жетерлік. Сондықтан қонақтарға тас тарихы туралы экскурсияшылар толық баяндап беретін болады.

Көшпелілер қалашығының көшелерінде достастық елдерінің мәдениетін дәріптеуге арналған шаралар ұйымдастырылады. Осы жерде қымыз өндірушілердің кішігірім байқауы өтеді.  Олар қымызды баптаудың тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, қонақтарға сусыннан дәм татқызады.