Астанада шайбалы хоккейден ҚР Президентінің кубогы халықаралық турнирі басталды

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгiн ҚР Премьер-Министрi Серiк Ахметовтің қатысуымен Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы халықаралық турнирі өз жалауын көтерді. Салтанатты шарадан кейiн «Барыс» пен ресейлiк «Амур» кездесуi басталып кеттi.

Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған аталмыш жарысқа төрт команда қатысады. Биыл Астананың «Барысынан» бөлек, Ханты-Мансийскінің «Югра», Хабаровскінің «Амур» және Подольскінің «Витязь» клубтары бақ сынайды. Барлығы да - Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) тұрақты түрде өнер көрсетіп жүрген азулы ұжымдар. Мәселен, «Югра» Братина кубогын екі рет олжалады. Екі мәрте Гагарин кубогына жолдама алып, ширек финалға дейін жетті. «Амур» былтыр ҚХЛ-дың плей-офф бәсекесінде күш сынасу құрметіне ие болды. «Витязь» де өзіндік ойын өрнегімен ерекшеленіп жүрген команда. Ал «Барыс» болса, осыған дейін екі рет Президент кубогын иеленді.

Үстіміздегі жылдың 9-13 тамыз аралығында өтетін халықаралық турнирдің кестесі белгіленді. Жарыс кестесіне сәйкес, бүгін, 9 тамызда «Югра» мен «Витязь» кездесуі өтті. 10 тамызда «Витязь» бен «Амур», «Барыс» пен «Югра» шеберлік байқасады. 12 тамызда «Амур» мен «Югра», «Барыс» пен «Витязь» кездеседі. 13 тамызда қола медаль және бас жүлде үшін бәсекелер өтеді.