Астанада шебер француз пианиношысы Селимен Доде концерт өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шебер француз пианиношысы Селимен Доде «Астана Опера» театрының камералық залында «Франциядан сүйіспеншілікпен» атты концерт қояды. Шара Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Бағдарламаның бірінші бөлімін Ф. Лист пен Ф. Шопеннің шығармалары көркемдесе, екінші бөлімде Г. Форе мен С. Франктың танымал шығармалары орындалады. Француз музыка сыншылары Форенің бекзаттық сазды стилін, музыкасының мәнерлігі мен тазалығын жоғары бағалайды.

«Шетел музыканттарының өнер көрсетуі, танымал классика шығармаларын жаңаша орындау стилін ұсынады. Франция пианиношысы Селимен Доденің қалай ойнайтынын, оның орындауындағы Ф. Шопен, Ф. Лист, сонымен қатар оның отандастары - Сезар Франк пен Габриэль Форенің шығармаларын тыңдаған өте қызық. Пианиношы бағдарламасында Г. Форенің си-минорлы Ноктюрнін ұсынады. Бұл тамаша композитордың музыкасы бүгін де өзінің тартымдылығын жоғалтпаған. Астаналық музыка сүйер қауым Селимен Доденің орындауындағы отандастарының музыкасын рақаттана тыңдайтынына сенімдімін», - дейді музыкатанушы, әрі кеш жүргізушісі Маржан Жәкенова.

Селимен Доде - Жан Франсе атындағы байқаудың, Валь-д'Изердегі халықаралық конкурстың, Pro Musicis Халықаралық сыйлығының лауреаты.

Arion студиясында Бахтың «Фуганың өнері» дискілерін жазды (2013). Скрипкашы Аманда Фавьемен бірге жасаған «Майдангердің жол дорбасында» жобасы (2013), Бірінші дүниежүзілік соғыс Жүзжылдығының миссиясы тағайындаған «Жүзжылдық» белгісін иеленді.

Пианиношы хореографтар - Юваль Пик пен Йоанн Буржуа, актриса Мари-Кристин Барромен бірігіп, өзіндік ерекше шығармалар жобасын жасаумен айналысуда. Ол Дромдағы Люсьен Дюрозуар атындағы камералық музыка фестивалінің көркемдік директоры қызметін атқарады.