Астанада шетелдік азаматты тонағандар Омбыда ұсталды

АСТАНА. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада шетелдік азаматты тонаған қарақшылар Омбыда ұсталды. Бұл туралы бүгін апталық брифингте Ішкі істер министрлігі Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Ресейдің Омбы қаласында криминалдық милиция қызметкерлері Астананың полицейлерімен бірлесіп, тамызда шетелдік азаматты тонаған қаланың екі тұрғынын ұстады»,-деді департамент бастығы. Күдіктілер Шұбар кентінде Түркия азаматының «Лексус» автокөлігін ұрлап, бой тасалаған болатын. Қазіргі кезде аталған көлік иесіне қайтарылды. Ал ұсталғандар Омбының тергеу изоляторына қамауға алынған. Қазіргі кезде оларды экстрадициялау мәселесі шешілуде.