Жиын барысында аталмыш кешеннің қызметімен таныстырған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Несібелі Құрманның айтуынша, аталмыш жүйе Еуропа елдерінде тұратын қазақтарға арналған. «Бізде қазір Қытай, Моңғолия сияқты елдерде тұратын қазақтарға да арналған тіл үйрету кешені бар. Біз бұл кешендердің әр елдің жазу үлгілеріне байланысты дайындадық. Сонымен қатар қазір ТМД мемлекеттерінде тұратын қандастырымызға да арналған тілді оқыту жүйелері бар. Жүйені дайындау ісінде әсіресе этнолингвопсихологиялық, этнолингводидактикалық сипаттардың назарға алынғандығын ескере кету керек. Бұл әр аймақтың азаматтарының өзіндік ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді», - деді директордың орынбасары.
Оның айтуынша, «Алтын қазық» шет мемлекеттерде жүрген жүздеген, мыңдаған қандастарымызға тіл үйретіп, өздерінің елдеріне оралуларына негіз болатын дүние болса екен деген ниеттен туындап отыр.