Астанада шетелдік еңбек мигранттарына бөлінетін квота азаяды

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда Астанаға келетін шетелдік еңбек мигранттары санын азайтып жатыр. Оның себебін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты.  

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Астанаға шетел жұмысшылары квота аясында келеді. Оны жергілікті атқарушы орган орнатвп, реттейді. Көші-қон ағыны бақылауда. Астанаға келген барлық еңбек мигранттары квота бойынша реттеледі. Соңғы 5 жылда біз Астанаға келетін шетелдік мигранттар санын азайтып жатырмыз. Бұл ішкі жұмыс күшін қорғап, қолдау үшін жасалады. Елордаға көші-қон бойынша қандай да бір шектеулер енгізуді қажет деп санамаймын. Өз азаматтарымызда емін-еркін көшіп, елордаға келіп, еңбек ете алады, - деді Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Астанаға келген шетел азаматтарының дені құрылыс саласында жұмыс істейді. Еліміз бойынша құрылыс саласында 10359 вакансия, ал елордада 73 бос жұмыс орны бар.

Айта кетсек, кеше қалалық мәслихат отырысында Астанаға кіреберіс бекеттерде блокпосттар орнату мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған еді. 

«Қалаға кіреберіс жерлерде блокпосттар қою мәселесі қаралып жатыр. Бұл мәселе Ішкі істер министрінің алдында айтылды, ведомство басшысы келіседі деп ойлаймын», - деді Астана қалалық полиция департаменті көші-қон басқармасының бастығы Ербол Махметов сауалға.