Астанада шілденің 4-інен 8-іне дейін Тәуелсіздік даңғылы жол телімінде көлік қозғалысы тоқтатылады

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласының 15 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өткізуіне байланысты 4 шілдеде 15.00-ден 8 шілдеге дейін Тәуелсіздік даңғылында Байтұрсынов көшесінен Жұмекен Нәжімеденов көшесіне дейін көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Жол полициясы басқармасынан мәлім етті.

Жолдың жабылуы белгіленген мерекелік іс-шаралар кестесіне сәйкес сахналарды құрып, дайындық жұмыстарын жүргізуге байланысты болуда.

Көлік құралдары, оның ішінде қоғамдық көліктер қозғалысын реттеу мақсатында жол полициясы жүріс бағытын алдын ала жоспарлап, қозғалыс шектелген жол телімін келесі бағдарда айналып өтуді ұсынады.:

- солтүстік-батыс бағытында қозғалған көлік үшін Тәуелсіздік даңғылы - солға Байтұрсынов көшесіне бұрылу - оңға Обаған көшесіне бұрылу - одан оңға Жұмекен Нәжімеденов көшесіне бұрылу - солға Тәуелсіздік даңғылына - оңға Шәмші Қалдаяқов көшесіне бұрылу;

- оңтүстік-шығыс бағытында қозғалған көлік құралы үшін - Шәмші Қалдаяқов көшесіне бұрылып - одан солға Тәуелсіздік даңғылына - оңға Жұмекен Нәжімеденов көшесіне бұрылу - солға Обаған көшесіне - солға Байтұрсынов көшесіне - оңға Тәуелсіздік даңғылына бұрылу.

«Қазақ Елі» алаңындағы мерекелік іс-шараларға қатысушылар мен келушілердің көлік құралдарын қою тұрағы «Хазірет Сұлтан» мешіті аймағында жүзеге асырылады. «Бейбітшілік пен келісім сарайы» аумағындағы автотұраққа Байтұрсынов және Ж. Нәжімеденов көшесі жағынан, ал Обаған көшесінен Сарыжол көшесіне дейінгі аумақтағы көлік тұрағына Байтұрсынов көшесі жағынан келуге болады.