Астанада ШҚО-ның «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені ұсынылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Астанада Шығыс Қазақстан күндері аясында «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Этноауыл Шығыс Қазақстан шеберлерінің қолөнер бұйымдарымен толтырылып, сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің қолдарынан шыққан киіз, тері, ағаш бұйымдары елорда жұртшылығының таңданысын туғызды. Сонымен қатар, көрме түсінде кілем тоқу өнері, құрақ құрау, ши өру және киіз басудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Дәл осы алаңда өңірдегі өнер майталмандарының қатысуымен Әміре Қашаубаев атындағы филармония әртістерінің театрландырылған қойылымдары көрсетілді. Этникалық атмосфераға ұлттық спорт түрлері де өң берді. Шығысқазақстандықтар көкпар, тоғызқұмалақ, аударыспақ, қыз қуу, асық ату, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату сынды көшпенділердің көне ойындарына өздерінің ептілігін көрсетті.

Мұнда аударыспақ бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы Ермек Жапишев, қазақша күрес бойынша Қазақстан чемпионы Ерзат Арғынов, Әділ Төкешов, Фархат Қайырбеков және Айбек Ағыбаевтар өнер көрсетті.Ұлттық спорт түрлерін көрсету мақсатында облыстан Астанаға арнайы дайындалған 30 аты әкелінді.

Ал, өткен демалыс күндері Астана жұртшылығының назарына «Ата бабалар мұрасы» деген атпен археологиялық жәдігерлер көрмесі ұсынылған болатын.

Шығысқазақстандықтар көрмеге Қазақстанның белгілі ғалымдары - Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлебаев, Карл Байпақовтың соңғы екі жылдағы еңбектерін әкелді.

Олардың барлығы облыстық бюджеттен 2 жылда 200 млн теңге бөлінген үшжылдық археологиялық бағдарлама аясында жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар ШҚО күндерінің ең мазмұнды тұсы - Астанада бірнеше күн бойы өткізіліп жатқан «Родной земли - многоголосье» фотокөрмесі екендігін айтады.

Бұған дейін хабарланғандай, 25 шілде күні «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағындағы «Амфитеатрда» Шығыс Қазақстан облысынан шыққан белгілі эстарада жұлдыздарының қатысуымен «Нұрлы Шығыстан - нұрлы әлемге нұр шашу» атты гала-концерт өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да бар.