Астанада шыбын-шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 22:30 - 00.00 аралығында қала аумағында маса мен кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі санитарлық-эпидемиологиялық станцияға сілтеме жасап хабарлады.

«Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Астана аумағында шыбын-шіркей мен масаларға қарсы дәрілеу жұмыстарының басталғанын хабарлайды. Ауа райы жылынған соң, масалардың жаппай көбеюіне жол бермеу үшін қала маңындағы кішігірім су айдындарында маса дернәсілдеріне қарсы күрес басталады. Дәрілеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады», - делінген санитарлық-эпидемиологиялық станция жіберген хабарламада.

Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық станция дәрілеу жұмыстары тұрғын үйлердің жертөлелерінде қатар жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

«Шыбын-шіркейге қарсы дәрілеу қызметі Пәтер иелері кооперативінің эксплуатациялық шығындарына кіреді. Сол себепті, ПИК, ЖШС, ЖК төрағасынан жертөлелерді дәрілеуді талап ету қажет», - деп мәлімдеді СЭС.

Қала аумағында дәрілеу жұмыстарын жүргізу үшін механикалық роторлық бүріккіштер, арнайы машиналар қолданылады. Өзге елді мекендерден жәндіктердің ұшып келуіне тосқауыл қою үшін термогенератор арқылы тұман тәріздес булау жұмыстары жүргізіледі.

Фото: topklop.ru