«Бұл жолғы фестиваль осыған дейінгілерінен ерекшеленеді. Биылғы жылы «халықтық музыка» және «камералық хор» деген аталымдар енгізілді. Осылайша, шығармашыл талантар үшін өздерін көрермендер алдында осы бағыттарда танытудың үлкен мүмкіндігі беріліп отыр», - делінген хабарламада. Байқау ұйымдастырушыларының сөзіне қарағанда, «халықтық музыка» аталымы бойынша қатысуға көршілес Қытай елінде тұратын қазақ жастарынан түскен өтініштер саны көп. Қытайдан келген қандастарымыз Халықаралық фестивальде өздерінің шығармашылық қабілеттері мен шеберліктерін сазсырнай, сыбызғы, най сияқты үрмелі халық аспаптары арқылы танытпақ. «Шабыт» фестиваліне қатысуға тілек білдірушілердің арасында еліміздің барлық аймақтарынан Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент өңірі көш бастап тұр. Аталған байқауда келесі марапаттар анықталған: басты сыйлық - Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі; Гран-при; «Лауреат» атағын берумен 1,2,3 сыйлықтар, «Шабыт» медальдары. «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық конкурсының «дипломанты» атағын алу жас таланттарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік береді. Фестивальдің маңызды бөлігі - әлемдік өнер шеберлерінің қатысуымен өтетін шеберлік сыныптары. Фестиваль оның жеңімпаздары марапатталатын гала-концертпен аяқталады. Шараны Астана қаласының әкімдігі, Астананың Мәдениет басқармасы, Қазақ Ұлттық өнер университеті ұйымдастырды. Естеріңізге сала кетейік, «Шабыт» шығармашыл жастардың 17-ші халықаралық фестивалі 3-8 қараша аралығында өтеді.
18:01, 03 Қараша 2014
Астанада шығармашыл жастардың XVII «Шабыт» халықаралық фестивалі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Бейбітшілік және келісім сарайында бүгін шығармашыл жастардың «Шабыт» XVII халықаралық фестивалі басталды, деп хабарлады ұйымдастырушылар.