Астанада Шығыс тағамдарының гастрономиялық көрмесі өтті

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылы аясында Шығыс тағамдарының гастрономиялық көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі 

Тағамдар көрмесінде Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына қазақ және өзбек ұлтының тағамдары ұсынылды. Атап айтқанда, ет асылып, буы бұрқыраған палаудың бірнеше түрі, қуырдақ, кабоб, долма, бауырсақ, самса, тандыр және тағы басқа ас түрлері әзірленді.
  

 

Одан бөлек, астаналық мейрамханалардың бас аспаздары мен көрмеге Өзбекстаннан арнайы келген 4 аспаз көпшілік алдында дәмді тағам дайындаудың құпиясымен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізді.
 

Қала халқы аспаздар дайындаған тағамдардан дәм татты. Күншуақты Өзбекстанның көрмесін тамашалаушыларға 1 мыңнан астам ыстық тандыр нан мен тәтті киш-миш мейізі таратылды. Ал тегін дегустациялар мен арнайы байқаулар көрменің көрігін қыздырса, әсем ән мен көркем би көрермендерге әдемі көңіл күй сыйлады. Оған қоса, алаңда Шығыс базары, «Ас иесімен дәмді» атты ұтыс ойыны ұйымдастырылды. 

  





Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара өз кезегінде екі ел арасындағы ертеден келе жатқан бауырластық қарым-қатынас пен екіжақты туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. 

Гастрокөрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырды. 
 

 

 

Соңғы жаңалықтар