Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің мәжілісі басталды

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің мәжілісі басталды.

Атап айтқанда, бұл басқосу ШЫҰ-ның құрылғанына 10 жыл толуы қарсаңында өткізіліп отыр.

«ШЫҰ-ның 10 жылдан бергі жұмысында ұйым Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздіктің ажырамас элементі ретінде тұғырланды. Сондай-ақ әріптестік қарым-қатынасты қалыптастыруда үлгі болып келеді»,-деді Қорғаныс министрлерінің кеңесінің ашылуында Ә. Жақсыбеков.

Сонымен қатар Қорғаныс министрі өз сөзінде ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша ықпалдастықтың жоғары деңгейі ұйым аясында қалыптасқанын және де өзара сенімділік пен түсіністік негізінде ШЫҰ аясында түрлі мәселелер өз шешімін табуға қауқарлы болғанын атап көрсетті.

Ә. Жақсыбековтың айтуынша, кеңес барысында екі құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Біріншісі, 2012-2013 жылдардағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрліктерінің арасындағы ынтымақтастық жоспары. Ал екінші құжат - ШЫҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша қабылданатын бірлескен каммюнике.

Айта кетейік, бүгінгі жиынға Қытай Халық Республикасының ұлттық Қорғаныс министрі, генерал-полковник Лян Гуанле, Қырғызстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Абибилла Құдайбердиев, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов, Тәжікстан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Шералы Хайруллоев, сондай-ақ Өзбекстан Қорғаныс министрінің орынбасары Рустам Ниязов қатысуда.