Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы соттары төрағаларының кезекті тоғызыншы кеңесі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Ә.Мәмидің төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Жоғарғы соттары төрағаларының кезекті тоғызыншы кеңесі өтті.

Бұл іс-шара 2006 жылдан бастап, жыл сайын ШЫҰ-ға мүше елдердің бірінде кезегімен өткізіліп келеді. Кеңес жұмысына Қытай Халық Республикасы Жоғарғы Халықтық Сот Төрағасы Чжоу Цян, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сот Төрағасы В.М.Лебедев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Ф.З.Джамашева, Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Н.Абдуллозода, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Ш.А.Газиев қатысты. Кеңеске ШЫҰ-ның Бас хатшысы Д.Ф.Мезенцев, БҰҰ Контртеррористік комитеті Атқарушы директоратының атқарушы директоры Жан-Поль Лаборд, ШЫҰ Терроризмге қарсы аймақтық құрылымы атқарушы комитеті директорының орынбасары Т.Д.Мұсабаев арнайы мейман ретінде шақырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кеңеске қатысушыларға арналған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков оқыды. Онда: «Қазіргі таңда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесетін халықаралық қауымдастықтағы ең ықпалды ұйымдардың бірі ретінде мойындалып отыр. Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің сот органдарының құқықтық ақпарат алмасу, адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігін нығайту саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударып келеді», - делінген.

Сындарлы достық және өзара түсіністік жағдайында өткен кездесу барысында тараптар тауарлардың кедендік құнын анықтау, некені бұзу туралы істер жөніндегі сот практикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасу және аталған санаттағы істер бойынша сот шешімдерін орындау, соттардың қызметін жетілдіру және бағалау, соттарды теңгермелі басқару жүйесін құру, судьяларды іріктеу мен тағайындау жүйесі, сот төрелігінің ашықтығы, сот қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу туралы маңызды мәселелерді талқылады. Терроризммен күрестегі жоғарғы сот судьяларының рөлі жеке семинар аясында қаралды.

Талқылау қорытындысы бойынша ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Жоғарғы соттары төрағаларының құқық үстемдігін бірлесе ілгерілету, сондай-ақ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау мақсатында өзара іс-қимыл мен серіктестікті күшейту жөніндегі тоғызыншы кеңесінің бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.