«Бір жолда бірге жүріп, ортақ дамуға қол жеткізу — Қытай мен Қазақстанның тағдырлас қауымдастығын бірлесіп құру» тақырыбындағы іс-шараны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Ақпарат кеңсесі, Қытайдың шет тілдердегі әдебиеттерді басып шығару және тарату басқармасы және Қытайдың Қазақстандағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, дипломатиялық өкілдіктерінің, ғылыми және іскер топтарының, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ернұр Бейсенбаев, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Насихат бөлімінің орынбасары, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Ақпарат кеңсесінің басшысы Мо Гаои және Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань болды.
Мо Гаои бесінші томға ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің 2022 жылғы мамырдан 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңдегі 91 маңызды еңбегі енгенін айтты. Кітапта қытайлық жаңғырудың теориясы мен тәжірибесі, сондай-ақ адамзаттың тағдырлас қауымдастығын құру жөніндегі Қытайдың ұстанымы баяндалған.
— Қазақстан — ежелгі Жібек жолының маңызды бөлігі әрі «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасы алғаш ұсынылған ел. Бүгінде Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» аясындағы ынтымақтастығы ең белсенді әрі нәтижелі дамып келе жатқан мемлекеттердің біріне айналды, — деді Мо Гаои.
Ол Қытайдың Қазақстанмен жасанды интеллект, цифрлық экономика, ақылды қалалар және жасыл энергетика салаларында жаңа ынтымақтастық бағыттарын дамытуға дайын екенін атап өтті.
Елнұр Бейсенбаев жаңа басылымның қазақстандық оқырмандар үшін Қытайдың мемлекеттік басқару тәжірибесін, саяси даму бағыты мен ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін айтты.
— Қытай — Қазақстанның сенімді досы, тату көршісі және стратегиялық әріптесі. Ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас бүгінде барлық бағытта табысты дамып келеді, — деді ол.
Чэн Кэфань екі ел басшыларының стратегиялық жетекшілігімен Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси сенім нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
— Қытай мен Қазақстан — сенімді көршілер, адал достар және жаңғыру жолында бірге келе жатқан серіктестер. Біз кітаптың бесінші томының жарық көруін мемлекеттік басқару тәжірибесімен алмасуды тереңдетуге және даму стратегияларын ұштастыруға берілген жаңа мүмкіндік деп санаймыз, — деді дипломат.
Іс-шара барысында кітаптарды сыйға тарту рәсімі, сарапшылардың баяндамалары және пікір алмасу отырысы өтті.