Астанада скейтпарк ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аумағында көше спортына арналған жаңа алаң ашылды. Қазақстан жастарының арасында кең таралған заманауи спорт түрі - скейт паркінің ашылуына ҚР мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев қатысты.

Қуатжан Уәлиев пен республикалық велотректің директоры Бауыржан Мұқашев жаңа алаңның дәстүрлі қызыл лентасын кесті. «Жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтаймын! Бүгінгі жастар бақытты, өйткені олардың сүйікті істерімен айналысуларына барлық жағдай жасалған керемет уақытта өмір сүріп жатыр. Бұл скейтпарк сіздерге пайдалы болады деп үміттенемін», - деді Қ.Уәлиев салтанатқа қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде. Шара аясында астаналық велосипед мотокроссы, скейт, роллерлер, стрит воркаут пен паркур спортшылары өнер көрсетіп, жиналған қауымды көше спортының кереметтерімен тамсандырды. Ал көрермендер арасында арнайы байқаулар ұйымдастырылып, лотереялар ойнатылды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тапсырылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен.