Астанада «Smart Astana - 2012» конференциясы өтті

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Smart Astana - 2012» конференциясы аясында ІВМ East Europe/Asia Ltd компаниясының қатысуымен «Astana Smarter City Solution Centre» орталығын құру мақсатында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Конференция жұмысына Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ инновациялық қауымдастық өкілдері, ІТ, энергетика, білім, медицина саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, жабдық өндірушілер мен басқа да сала өкілдері қатысты. 

Орталық Смарт Астана жобасын жүзеге асыру және оны қолдану Астана агломерациясын дамытуда Смарт Қала (ақылды қала) шешімін, сондай-ақ осы саладағы басқа да болашақтағы жобаларды іске асыру мақсатында құрылғалы отыр. Тараптар Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінде көш бастап тұрған жоба Орталықты ілгерілету және дамыту туралы ниеттерін білдірді. ASCSC жобасын ЕХРО - 2017 халықаралық көрмесінің аумағында орналастыру көзделіп отыр.

«Smart Astana - 2012» конференциясының ұйымдастырушысы Астана қаласы әкімдігінің «Astana Innovations» АҚ. Секцияның негізгі тақырыптары - «Қауіпсіздік», «Бұлтты технологиясы» және «Жасыл технология».

Конференция аясында сондай-ақ 2011-2012 жылдары іске қосылған «Smart Astana» жобалар көрмесі ашылды. Олардың қатарында «Е-жедел-жәрдем», «Е-мектеп», «Күйші Дина 37-дегі ақылды үй», «Смарт-лифт», «Автоматтандырылған фармацевт» және т.б. жобалар бар.  Конференция аясында жобаларды жүзеге асыру уақытында қол жеткізілген нәтижелер таныстырылып, «Smart Astana балалары», «Үздік инновациялық мемлекеттік мекеме/бағынышты кәсіпорын» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Сондай-ақ, жиында Астананың тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру, қаланың бәсекеге қабілеттілігін, әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және инновацияларды енгізу секілді өзекті мәселелер талқыланады.