Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, іс-шара Құрмет қарауыл ротасы мен Әскери оркестрдің қатысуымен өтті. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу барысында жаназа намазы оқылды.
Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген.
Кеңес әскері құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды.
Рзағұл Байкешевтің соңғы сапары Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында (бұрынғы Рождественка) өтті. Ардагер осы жерде ұзақ жылдар бойы совхозда экспедитор болып еңбек еткен. Жеңіс сарбазының құрметіне салют командасы қарудан үш дүркін салют атты.
Ардагермен қоштасуға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Астана мәслихатының хатшысы Зейнұлқабден Табиғат, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстембек Тәуекелов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ардагердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Еске салайық, павлодарлық соғыс ардагері Сергей Выжутович 100 жасқа келгенін жазғанбыз.