Астанада СПА-салон әкімшісі 7 тәулікке қамалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада карантинге қарамастан жұмысын тоқтатпаған СПА-салонның әкімшісі қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзу фактілерін анықтау бойынша рейд барысында денеге массаж жасау және интимдік қызметтер ұсынатын мекеменің жұмыс істеп тұрғанын анықтады.

«Полиция қызметкерлері келген кезде бөгде адамдар үшін жабық коттедж ішінде 11 адам болған. Оның сегізі – интимдік қызмет көрсететін қыздар. Бір әкімші және екі клиент болған. Қазіргі уақытта барлығы жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі бойынша, аталған СПА-салонның әкімшісі 7 тәулікке, екі клиент 5 тәулікке қамалды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Массаж жасайтын қыздарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Мәлім етілгендей, массаж жасау қызметін көрсететін салон әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнама жасаған.

«Полиция департаменті карантин режимі кезінде қала тұрғындарына далаға шығуға тыйым салынғанын ескертеді. Далаға азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, медициналық қызметтерді алуға және қызметіне рұқсат етілген мекемелерге жұмысқа барып-келуге ғана рұқсат етілген. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ересектердің ілесіп жүруінсіз көшеге шығуға, бір отбасы мүшесі болмаған жағдайда далада үш адамнан артық жиналуға болмайды», - деді ведомстводан.