"Барша қазақстандықтарды «Спорт күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеген сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде спортқа айрықша көңіл бөлініп, аталған сала жан-жақты дамып келеді", - деп атап өтті салтанатты шараны ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, Елбасы Жолдауындағы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау министрлік үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттағы шаруа. "Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет 2020 жылға дейін республика елді мекендерінің 50 пайызын спорт ғимараттарымен қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, биыл халқы 3000-нан асатын елді мекендерде 14 спорт кешені салынбақшы", - деді министр.
А. Мұхамедиұлының айтуынша, таяуда қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа редакциядағы заң еліміздегі спорттың көкейкесті мәселерін шешіп, келешегін кемелдендіре түсуге, бұқаралық спорттың дамуына игі ықпалын тигізеді.
"Ынтымағы жарасып, ырысы артқан Қазақстанда соңғы жылдары халықаралық деңгейдегі ірі спорттық кешенді шаралар жиі ұйымдастырылып жүр. 2017 жылы біздің елімізде 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада өтеді. Ал, Алматы 2022 жылғы 24-ші қысқы Олимпиада ойындарын өткізуден үміткер қала. Міне, осының бәрі Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы абыройының қаншалықты биік екенін көрсетсе керек. Спорттық жетістіктер Қазақстанның әлемнің бәсекеге ең қабілетті 30 мемлекет қатарына ілігу стратегиялық маңызы бар мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенемін", - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.
Оның айтуынша, бүгінгі заманда тек дені сау ұлт қана мың құбылған әлемде бәсекеге қабілетті бола алады. "Ендеше бүінгі спорт күні спортшылар мен жаттықтырушылар үшін ғана емес, дене тәрбиесі мен спортты насихаттайтын барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке", - деді министр.
А. Мұхамедиұлының пікірінше, күллі әлемдегідей біздің елімізде де спорт түрлі ұлт пен ұлыстың, діни сенімдер мен мәдениеттердің, рухани мұралар мен мүдделердің және де ұрпақтардың басын қосып, береке-бірлігінің нығаюына қызмет етіп келеді.
"Спорт - мемлекеттің мәртебесін көтеріп, рухын асқақтататын қуатты күш. Бұл салада Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген табыстарының да толайым екендігі баршаға аян.
Еліміздің намысын қолдан бермей, спорттық даңқын еселеп жүрген ұл-қыздарымызды барынша қолдап, лайықты түрде бағалай білу біздің ұдайы назарда ұстайтын игі ісіміздің бірі болмақ", - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, "Дәулет" ұлттық теннис орталығына келген спортсүйер қауым атақты спортшы Жақсылық Үшкемпіровпен, сондай-ақ «Қазақстан барысы-2014» чемпионатының жеңімпазы Мұхит Тұрсыновпен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Ұжымдық жаттығулардан соң қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сонымен қатар, шара барысында Астанадағы спорт ұжымдары көрермендерге өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе «Bar Bars» клубының стрит-воркаут бойынша көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты.
Сондай-ақ, шара кезінде Павлодар, Көкшетау және Өскемен қалаларынан тікелей эфир арқылы қосылған спортсүйер қауым барша қазақстандықтарды спорт мерекесімен құттықтады.