Астанада спорт саласы қызметкерлері арасында веложарыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Спорт саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесін тойлау аясында жасыл белдеудің аумағында Спорт күніне арналған веложарыс өтті. Веложарысқа 250 адам қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ақпарат орталығы.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, шара өскелең ұрпақты, жастарды спортқа, әсіресе велосипед спортына баулу мақсатында ұйымдастырылған және ол саламатты өмір салтын насихаттуға бағытталған.

Веложарыстың соңында лотерея билеттері ойнатылды. Лотерея ойынына спорттық шараға қатысушылармен қатар көрермендер де қатысты. Ойынға қатысқандарға тұрмыстық техника сынды түрлі құнды сыйлықтар берілді. Бас сыйлыққа велосипед сыйға тартылды.

Спорт күнін тойлау аясында ерлер мен әйелдер арасында арқан тартысы бойынша жарыс өтті.

«Қуантарлығы, бүгінде бұқаралық спорт дамып келеді, жастар, оқушылар спортқа белсенді қатысуда. Спорт тек сымбатты денені қалыптастыруға көмектеспейді, сондай-ақ мықты рухтың дамуына септігін тигізеді», - деді ұйымдастырушылар.

Спортпен айналысып жатқан жастардың қатары жылдан жылға артуда.

Арқан тарту бойынша жарыстың қорытындысы бойынша 1-ші орынды «Спорт дирекциясы» иеленді, 2-ші орынға «Мерей» және 3-ші орынға «Жігер» командасы лайықты деп танытлды.

Әйелдер арасында: 1 орын - «Спорт басқармасының» командасы, 2 орын - «Дәулет» командасы, 3 орын - «Дирекция» командасы иеленді.