Астанада Сталинград шайқасына қатысушы ардагерлермен кездесу өтті

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында «Ардагерлерді ардақтайық» республикалық акциясының аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері - Сталинград шайқасына қатысушылармен кездесу өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1942 жылғы шілденің 17-сі мен 1943 жылғы ақпанның 2-сі аралығында Сталинград түбінде болған шайқас туралы әңгімені оған қатысқан майдангерлердің өз ауыздарынан есту үшін кездесуге Республикалық ұланның курсанттары, Астана қаласының орта мектеп оқушылары, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері жиналды.

Президенттік Мәдениет орталығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шырынбек Қойлыбаевтың айтуынша, 1941-45 жылдары соғысқа 63 мыңнан астам ақмолалық аттанған. Қазір Астанада 500-ден астам ардагер тұрады, олардың 26-сы сталинградтықтар.

Ардагерлердің әңгімесін ұйып тыңдаған жастар, өз кезектерінде қарияларға соғыс жайында әндер мен өлеңдер орындап берді.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті өзінің үстіміздегі жылғы ел халқына арнаған Жолдауында, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары, мен жұбайлары мен тыл еңбеккерлері Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай 65 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек алатындығын атап өтті.

Шараны өткізушілер бұл игі істің бастамасы ретінде қатысқан ардагерлерге 10 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етті.