Астанада Сталинград шайқасының 70 жылдығы құрметіне ардагерлерге құрмет көрсетілді

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен қалалық Ардагерлер Кеңесінің бастамасымен Сталинград шайқасының жеңісті аяқталуының 70 жылдығына арналған шара болып өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Шараға Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ қаладағы мектеп оқушылары шақырылды.

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мұқамеджан Таласов кездесуге қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ардагерлердің әлемді өте қауіпті жантүршігерлік апаттан алып қалғандықтарын, Жер шарында мұндай алапат соғыстың болмағанын атап өтті. Сондықтан бүгінгі жас буынға Ұлы Отан соғысы кезінде жасалған ерлік әрқашан үлгі-өнеге болып қалатындығын жеткізді.

Сталинград түбіндегі шайқас Ұлы Отан соғысы кезіндегі аса ірі шайқастардың бірі еді. 1943 жылдың 2 ақпанында тарих қойнауына әйгілі жеңіс болып енді. Оның нәтижесі екінші дүниежүзілік соғысты түбірінен өзгертті. Басқыншыларды Кеңес Одағының аумағынан жаппай қуу басталды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда 50 әскери бөлім мен 25 құрылым жасақталды. Қазақстандық жасақтардың үштен бірі Сталинград шайқасына қатысты. Олардың арасында Ақмола қаласынан аттанған Қоңдыбай Жексембаев болды. Ол 359-шы Қызыл тулы атқыштар полкі, 50-атқыштар дивизиясы, 8-армияның құрамында пулеметшілер взводын басқарды. I-II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері.

- Осындай кездесулерге қатысқан жастар Ұлы Отан соғысы туралы нақты мәліметтер алып, ардагер аталарының батырлығынан үлгі-өнеге алып, сүйсінетін болады. Ал бұл жас ұрпақ бойына Отансүйгіштік қасиетін сіңіруге өз септігін тигізері анық, - деді ардагер ақсақал өз сөзінде

Мұны жете түсінген Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жастарға патриоттық тәрбие беруге ықпалы зор осындай игі шараларды жиі өткізуге күш салып келеді.